Депутат: Қазақстанда ғылыми зерттеулерге бөлінген үш жылдың 100 күні рәсімдерге кетеді

Автор: Махан Миражан

Сонымен қатар депутат Лаура Қарабасова ғылыми жобаларға арналған гранттық қаржыландыру мерзімін ұзартуды да ұсынды

Фото: видеодан скриншот

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясысы фракциясының мүшесі Лаура Қарабасова іргелі ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру мерзімін 2027 жылдан бастап бес жылға ұзартуды ұсынды. Оның айтуынша, заңда тиісті норма бекітілгенімен, ғылыми жобалар әлі де үш жылдық циклмен қаржыландырылып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттық сауал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қаржы министрі Мәди Такиевке жолданды.

Лаура Қарабасова ғылымды дамыту үшін ғалымдарға қажетті жағдай жасап, ең алдымен, қаржыландыру жүйесін жетілдіру керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гранттық қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзартуды ұсынған. Бұл бастама заңнамалық тұрғыдан қолдау тауып, тиісті норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген. Кейін ол «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның 34-бабында да сақталған.

Алайда депутаттың айтуынша, арада төрт жылдан астам уақыт өтсе де, негізгі гранттық конкурстар әлі үш жылдық мерзіммен өткізіліп келеді. Оның үстіне, конкурстық рәсімдердің кешігуіне байланысты ғалымдар зерттеу жұмыстарын толық үш жыл жүргізе алмайды.

«Ең өкініштісі, ғалымдар осы үш жылды да толық пайдалана алмай келді. Өйткені конкурстық рәсімдердің кемінде 100 күнге кешігуі қалыпты жағдайға айналған. Нәтижесінде зерттеудің нақты мерзімі қысқарып, көп жағдайда екі-екі жарым жыл ғана қалады», – деді депутат.

Оның пікірінше, бұл әсіресе биомедицина, ауыл шаруашылығы, экология және климатология салаларындағы зерттеулерге кері әсер етеді. Себебі мұндай ғылыми жұмыстар ұзақ мерзімді бақылауды және бірнеше маусымдық циклді қажет етеді.

Қарабасова 2026 жылғы 24 маусымда заңға енгізілген өзгеріске де назар аударды.

«Енді конкурстық рәсімнің кешігуінен ғылыми жұмыстың мерзімін қысқартуға негіз жоқ. Бюджетті де сылтау ете алмаймыз. Себебі, бес жылдық жобаның төртінші және бесінші жылына қажетті қаражатты кейінгі бюджеттік циклде жоспарлауға мүмкіндік бар. Яғни ғылымды дамытуға заңнамалық негіз жасалды. Қаржы тетігі де көзделген. Мәселе – министрліктердің нақты басқарушылық шешім шығаруында», - деді Қарабасова.

Осыған байланысты ол министрліктерге 2027 жылдан бастап іргелі ғылыми жобаларға арналған 60 айлық гранттық қаржыландыру конкурсын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ бес жылдық қаржыландыруды негізгі модель ретінде енгізіп, жобалардың толық жоспары мен қаржы көлемін бекітуді, төртінші және бесінші жылдарға қажетті шығыстарды алдын ала жоспарлау тетігін әзірлеуді сұрады.

Бұдан бөлек, депутат іргелі және қолданбалы зерттеулерге арналған гранттық қаржыландыру конкурстарын бөлек ұйымдастыру қажет деп санайды.