«Интернет жоқ жерде жүк құжаттарын қалай рәсімдейді?»: депутат Көлік министрлігінің бірыңғай жүйесін сынға алды

«Әділет» партиясының депутаты Ерқанат Мұсылманбек Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Қаржы министрі Мәди Тәкиевке сауал жолдады

«Интернет жоқ жерде жүк құжаттарын қалай рәсімдейді?»: депутат Көлік министрлігінің бірыңғай жүйесін сынға алды
Фото: видеодан скриншот

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерқанат Мұсылманбек Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін толық іске қоспас бұрын кең көлемде сынақтан өткізуді ұсынды. Депутаттың айтуынша, платформадағы техникалық мәселелер мен интернеттің әлсіздігі жүк тасымалдаушыларға қиындық туғызып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ерқанат Мұсылманбек Құрылтай отырысында депутаттық сауалын Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Қаржы министрі Мәди Тәкиевке жолдады.

Сауалда Көлік министрлігі 2026 жылғы 1 маусымда Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін іске қосқаны айтылған. Алайда техникалық мәселелер мен жүк тасымалына қатысушылардан түскен көптеген өтінішке байланысты жүйені енгізу 2027 жылғы маусымға дейін тоқтатылған.

Депутат цифрлық платформаны қолдану кезінде бірнеше мәселе туындағанын атап өтті. Атап айтқанда, ауылдық жерлердегі интернет байланысының әлсіздігі құжаттарды уақытында рәсімдеуге кедергі келтіреді. Бұған қоса, ақпараттық жүйелердің өзара байланысы жеткіліксіз болғандықтан, кәсіпкерлер бір мәліметті бірнеше рет қолмен енгізуге мәжбүр.

Тағы бір мәселе – ауылдық және шалғай елді мекендерде жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізетін лицензиясы бар мамандардың тапшылығы.

«Қаржы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жүк тасымалдау және жеткізу қызметімен айналысатын 138 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі бар. Олардың басым бөлігі цифрлық көлік платформасымен жұмыс істейді. Сапалы цифрлық платформа жүк тасымалдау құжаттарын рәсімдеуді жеңілдетіп, жүк қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар көлеңкелі айналымды азайтып, адал кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені төмендетуі қажет», - деді Мұсылманбек.

Осыған байланысты Мұсылманбек цифрлық көлік платформасын кәсіпкерлер қолданып жүрген 1С, ERP және WMS есеп жүйелерімен біріктіруді ұсынды. Бұл бір ақпаратты бірнеше рет енгізу қажеттілігін жоюға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ интернет болмаған немесе техникалық ақау туындаған жағдайда құжаттарды кейіннен енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет. Депутат пайдаланушыларды өздеріне байланысты емес техникалық мәселелер үшін жауапкершілікке тартпау керегін атап өтті.

Бұдан бөлек, жүйені толық іске қоспас бұрын тасымалдаушылар, кәсіпкерлер, жүк жөнелтушілер, жүк алушылар және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кең көлемді сынақ өткізуді ұсынды.

Депутат тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатты (СНТ) және тауар-көлік жүкқұжатын (ТТН) бір электрондық тасымалдау құжатына біріктіру мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, бұл құжаттардағы мәліметтердің қайталануын азайтады.

«Біздің міндетіміз – құжаттарды жай ғана электрондық форматқа көшіру емес. Негізгі мақсат – тасымалдау процесіне қатысушыларға қосымша кедергілер тудырмайтын, сенімді әрі тәжірибеде тексерілген цифрлық платформаны қалыптастыру», – деді депутат сауалында.