«Астана-1» вокзалының қолжетімділік деңгейі тексерілді

Автор: Дәулет Ботагөз

Қайта жаңғыртудан өткен «Астана-1» теміржол вокзалын ресми пайдалануға беру қарсаңында нысанның мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімділік деңгейі тексерілді

Фото: Еңбек министрлігі

Қайта жаңғыртудан өткен «Астана-1» теміржол вокзалын ресми пайдалануға беру қарсаңында нысанның мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімділік деңгейі тексерілді. Шараның басты мақсаты – вокзал ашылғанға дейін кедергілерді анықтап, қажетті түзетулер енгізу, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірлескен ұсынымдық тексеруге жергілікті атқарушы органдар, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері және «Вездеходы» сарапшылар тобы қатысты.

Мамандар вокзал аумағын, кіреберістерді, перронға шығатын жолдарды, қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған демалыс бөлмелері мен санитарлық тораптарды, сондай-ақ теміржол кассалары мен ақпараттық орындарды тексерді. Сонымен қатар есіктердің ашылу ыңғайлылығы бағаланды. Тексеру қорытындысы бойынша департамент мамандары нысанның қолжетімділігін жақсарту үшін мердігер ұйым мен тапсырыс берушіге нақты ұсыныстар берді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілген болатын. Жаңа заңнамаға сәйкес, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы комитет ғимараттардың мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімділігі жөніндегі декларацияларды келісуге тікелей қатысады.

2026 жылдың алғашқы 9 айында аумақтық департаменттерге сәйкестік декларациясын келісуге 562 өтініш түскен. Оның 147-сі (26%) мақұлданса, 259 өтініш бойынша (46%)талаптарға сай болмағандықтан бас тартылған.

«Астана-1» вокзалындағы мұндай алдын ала тексеру шаралары барлық жолаушылар үшін кедергісіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.