Ақтауда Bilim & Science студенттік ғылыми орталығы ашылды
Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын кешен бір уақытта 250 адамды қабылдай алады
Ақтау қаласында студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған Bilim & Scienceғылыми-зерттеу орталығы пайдалануға берілді. Жаңа нысанда жас ғалымдар тегін білім алып, ғылыми жобаларын жүзеге асыруға және стартаптарын дамытуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспаөз қызметінің хабарлауынша, жаңа орталық 5 қабатты ғимаратта орналасқан. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын кешен бір уақытта 250 адамды қабылдай алады.
Ғимаратта жас зерттеушілерге арналған 15 оқу кабинеті, конференция залдары мен асхана жабдықталған. Өзге өңірлерден келетін жас ғалымдарға қонақүй үлгісіндегі 20 жатын орын қарастырылған. Мұнда жаратылыстану-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және педагогикалық-шығармашылық бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай, академик Киікбай Жаулин, белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Орталық директоры Марат Ұлықпановтың айтуынша, бұл алаңда республикалық және халықаралық конференциялар, форумдар мен интеллектуалды марафондар ұйымдастырылады.
Үздік жобалар мен стартаптар үшін арнайы акселерациялық бағдарламалар іске қосылып, жастардың идеяларын өндіріске енгізуге көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар жас зерттеушілерге шәкіртақылық қолдау көрсету, мектеп оқушыларына арналған бағдарламалар жүргізу және әлеуметтік осал топтағы жастарды қолдау жоспарланған. Орталық еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік орнатпақ.