«Таза Қазақстан»: «Әділет» партиясының жастар қанаты төрт өңірдің тас жолын қоқыстан тазарта бастады

Жастар қанаты ауқымды экологиялық іс-шараға қатысты 

«Таза Қазақстан»: «Әділет» партиясының жастар қанаты төрт өңірдің тас жолын қоқыстан тазарта бастады
Фото: партияның баспасөз қызметі

Алдағы үш күн бойы «Әділет» партиясының жастар қанаты Астана – Өскемен бағытындағы жол бойын қоқыстан тазарту бойынша Road эстафетасын өткізеді. Эстафетаның алғашқы күні бүгін басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатқан экологиялық шара Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасады. Ұйымдастырушылар 1800 шақырым жолды тазалауды жоспарлап отыр.

Тазалық жұмыстарымен қатар, «Әділет» фракциясының депутаттары халықпен кездесіп, олардың мәселесін тыңдап, шешуге даяр. Тіпті спорттық шаралар да ұйымдастырылмақ.

Мұндай эстафетаны Жастар қанаты алғаш рет өткізіп отырған жоқ. 2024 жылы Астана - Алматының 1200 шақырым тасжолын тазалады. Ал былтыр Алматы, Жамбыл, Шымкент қалаларын және Түркістан мен Қызылорда облыстарын қоқыстан тазартты.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев «Таза Қазақстан» бастамасының мәні тек қоршаған ортаны тазартумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдағы тазалық әр адамның өзінен басталып, күнделікті әдеті мен өмірлік ұстанымынан көрініс табуы керек. Бұл ретте ол Шәкәрім Құдайбердіұлының ой туралы тұжырымын еске салды.

«Президентіміз экономикалық-әлеуметтік және цифрлық дамумен қатар, «Таза Қазақстан» сияқты бастамаларға да көп көңіл бөліп жатыр. Себебі қоғамның тазалығы әрқайсымыздан басталады. Адамның санасы, үйі, ауласы мен көшесінің тазалығы табиғатқа деген жанашырлықтан көрінеді. Осы орайда Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ойыңды түзе, ойың сөзіне айналады. Сөзіңді түзе, сөзің әдетіңе айналады. Әдетіңді түзе, әдетің мінезіңе айналады. Ал мінезің сенің тағдырыңның жаршысы» деген сөзі еске түседі. Сондықтан табиғатты сөзбен ғана емес, нақты ісімізбен аялап, қоршаған ортаны таза ұстауға мән беруіміз керек. Сонда жас ұрпақ та осыны бойына сіңіріп, тазалықты әдеті мен мәдениетіне айналдырады. «Таза Қазақстан» бағдарламасының мағынасы мен идеологиясы тереңде жатыр. Ол айналамыздағы қоқысты жинаумен ғана шектелмейді. Ойымызда, санамызда және бір-бірімізбен қарым-қатынасымызда да тазалық болуы керек. Қоғамда ар-намыс пен тазалық қағидалары орнықса, еліміз де дами береді», – деді ол.

Жастар «Вандализмге жол жоқ» акциясы аясында Абай мен Павлодар облыстарындағы тарихи-мәдени мұраларды тазартты.

Ержан Жылқыбаев депутаттар 10 аудан мен 59 ауылды аралап, тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажы мен өзекті мәселелерін тыңдағанын тілге тиек етті. Қоғамдық қабылдауларда көтерілген мәселелерді Құрылтай деңгейінде қарастыру көзделіп отыр.

«Табиғат біздің үйіміз деп жиі айтамыз. Ол жай сөз емес. Бұл расыменде солай. Мен Аралдың тумасымын. Өңірдің тарихы, теңізге жасалған қиянат жүгі қаншалықты ауыр екенін бүкіл әлемге көрсетті. Бұл бәрімізге сабақ болуы керек. Сондықтан елге деген махаббатымыз біздің әрекетімізге тікелей байланысты. Осында келгенде бір сұрақ туындауы мүмкін. «Неге бір адамның тастаған қоқысын, ондаған адам келіп жинауы керек?» деген. Өйткені біз елде осы мәдениетті қарастыру жолындамыз. Басқа елдерге қызығамыз, кейбір елдердің экономикасына, тазалығына. Ол дамудың барлығы ең алдымен тазалықтан басталады. Санамыз, ортамыз, даламыз таза болса, әрі қарай да өсуге, дамуға, жаңалық ашуға және бүкіл әлемге үлгі көрсетуге дайын боламыз. Сол үлкен мақсатқа жетуімізге сіздер себепкерсіздер. Сіздердің жанашырлықтарыңыз бен еңбекқорлықтарыңыздың арқасында осының барлығы мүмкін», - дейді «Әділет» фракциясының депутаты Ирина Тен.