Алматыдағы ірі сауда орталығының тамақ ішетін аумағына тарақан қаптап кеткен (ВИДЕО)

Автор: Махан Миражан

Сауда орталығының өкілдері ғимаратта ай сайын дезинфекция жасаймыз дейді 

Фото: видеодан скриншот

Алматыдағы Asia Park сауда орталығының үшінші қабатындағы фудкортта тарақандар қаптап кеткен. Осылай деген қала тұрғыны дәлел ретінде видео жүктеген. Оның айтуынша, жәндіктер адамдар тамақтанып отырған дивандарға дейін өрмелеп шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желі қолданушысының сөзінше, ол жақында сауда орталығына барған кезде фудкорттан тарақандарды көрген. Тұрғын сауда орталығына енді келмейтінін айтып, жағдайға наразылық білдірді.

«Кеше Asia Park сауда орталығында болдық. Үшінші қабаттағы фудкортта тарақандар жүгіріп жүр. Олар тіпті адамдар отырып, тамақ ішетін дивандарға дейін өрмелеп шығады. Енді бұл жерге мүлде бармаймын деп шештім. Бұл сұмдық қой! Біз де сол жерде тамақтандық. Көргенімнен кейін жүрегім айнып, бүкіл денем қышығандай болды», – деп жазды ол Threads желісінде.

Asia Park әкімшілігі не дейді?

Azattyq Rýhy редакциясына берген түсініктемесінде сауда орталығының өкілдері ғимаратта ай сайын дезинфекция жасаймыз деді. 

«Бізде ай сайын дезинфекция жасалады. Бұл мәселеге қатысты шаралар қарастырылып жатыр», – деп хабарлады сауда орталығының өкілдері.

Әзірге сауда орталығы әкімшілігі тарақандардың пайда болу себебі мен мәселені шешу үшін қандай нақты шаралар қабылданатынын қосымша түсіндірмеді.