12 қазан күні ауа райы қандай болады

Автор: Дәулет Ботагөз

Кей жерлерде тұман, найзағай болып, өрт қаупі сақталады

Фото: © istockphoto.com

12 қазанда Қазақстанның 16 өңірінде ауа райының нашарлауына байланысты ескерту жасалды. Кей жерлерде тұман, найзағай болып, өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» РМК мамандары 12 қазан күні еліміздің 16 облысында қауіпті метеорологиялық құбылыстардың күтілетінін мәлімдеді. Тұрғындардан сақтық шараларын сақтау сұралады.

Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде тұман түсіп, жел күшейеді. Қарағанды, Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Сонымен қатар Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде сақталады. Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таулы аймақтарда тұман түсіп, кей жерлерде нөсер жауын болуы мүмкін. Ал Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындар мен жүргізушілерді ауа райының қолайсыздығын ескеріп, сақтық шараларын ұстануға шақырады.