Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін департамент тексеру жүргізіп, полицияға жүгінген
Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Мұрат Исенбаев әлеуметтік желілерде әскерге шақырылатын азаматтарды іздестіру туралы тараған ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның видеоүндеуі департаменттің Instagram парақшасында жарияланды. Мұрат Исенбаевтың айтуынша, әскери комиссариат қызметкерлері ретінде танысып, өтіп бара жатқан адамдардан жеке мәліметтерін талап етіп, өздерімен бірге жүруді сұраған үш жігіт түсірілген видеоға қатысты тексеру жүргізілген.
«Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бұл бейнежазбаны зерттеді. Видеода көрсетілген адамдар әскери комиссариат қызметкерлері емес. Олардың жеке басын анықтап, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тарту үшін департамент Ішкі істер министрлігінің аумақтық полиция органына хат жолдады. Қазіргі уақытта Астана аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатқан жоқ», – деді департамент бастығының орынбасары.
Оның айтуынша, азаматтарды әскерге шақыру және әскери бөлімдерді жасақтау жұмыстары 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберу және тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша шақыру қағаздарын тапсыру арқылы жүзеге асырылады.
Мұрат Исенбаев әскери қызметтен жалтарып жүрген азаматтарды анықтау міндеті полицияға жүктелгенін де атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Астанада бір ер адам өзінің және жүкті әйелінің басынан өткен ерекше оқиға туралы айтқан еді. Оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында болған.
Олардың жолын бөгеген белгісіз адамдар өздерін әскери комиссариат қызметкерлері ретінде таныстырып, бірге жүруді сұраған. Әйел оларды телефонға түсіре бастағанда, әлгі адамдар оқиға орнынан кетіп қалған.
Кейін полиция ер адамдардың жеке басы анықталғанын мәлімдеді. Алайда олардың әскери комиссариат қызметкерлері екені немесе еместігі нақтыланбады.