«Шымкент веломарафоны» өтті

Іс-шараның ашылу салтанаты «Тәуелсіздік» саябағында өтті

«Шымкент веломарафоны» өтті
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту және велоспортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында «Шымкент веломарафоны» ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болған шараның ашылу салтанаты «Тәуелсіздік» саябағында өтті. Одан кейін 350-ге жуық қатысушы 20 шақырымдық қашықтықты бағындыру үшін Ипподромға қарай жолға шықты.

Биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған веломарафонға әртүрлі жастағы қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар спорттық шарада өзара бақ сынап қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын насихаттады. Веломарафон қала тұрғындарының басын қосып, бұқаралық спортқа қызығушылықты арттыруға бағытталды.

Жарыстың ашылу салтанатында қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов қатысушыларға сәттілік тілеп, веломарафонның ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол қалада велоспортты бұқаралық деңгейде дамытуға басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай спорттық бастамалар тұрғындардың дене белсенділігін арттырып, спортпен тұрақты айналысуына ынталандырады. Бұған қоса, қалада бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар үшін қолайлы спорттық орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табады.

Жарысқа қатысқан жас велошабандоздардың бірі – 14 жастағы Арман Диасұлы. Ол «Шымкент веломарафонына» биыл екінші рет қатысып отыр. Жас спортшының айтуынша, өткен жылғы жарыс оған ерекше әсер қалдырғандықтан, биыл да бақ сынауға шешім қабылдаған. Бұл жолы да ол 20 шақырымдық қашықтықты бағындыруды мақсат етіп отыр. Арман велоспортпен айналысу денсаулықты нығайтып қана қоймай, төзімділік пен шыдамдылықты қалыптастыратынын атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Мақалада
#Шымкент #марафон