Қазақстанда төрт күн ішінде тіркеусіз жүрген 4 мыңға жуық адам анықталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Тәртіп сақшылары 46 мыңнан астам тұрғын үй нысанын тексерген

Фото: gov.kz

«Қауіпсіз үй» акциясы аясында полиция тіркеусіз жүрген 4 мыңға жуық азаматты анықтап, 800-ге тарта жасөспірімге көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазақстанда құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және балаларды қорғауға бағытталған «Қауіпсіз үй» профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.

Полиция мәліметінше, алғашқы төрт күнде тәртіп сақшылары 46 мыңнан астам тұрғын үй нысанын және профилактикалық есепте тұрған 35 мыңнан астам адамды тексерді.

Рейдтер барысында тіркеусіз тұрып жатқан 4 мыңға жуық адам анықталып, 3 мың түрлі құқық бұзушылық әшкереленді.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне баса назар аударылып отыр. Шамамен 800 жасөспірімге көмек қажет болып, оның 127-сі бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Павлодар облысында полицейлер қараусыз қалған төрт кішкентай баланы тапты.

Бұдан бөлек, құқық қорғаушылар 11 мыңнан астам қару иесін тексеріп, тіркелмеген 20 қаруды тәркіледі.

Іс-шара барысында халықпен 2 мыңға жуық кездесу өткізіліп, тұрғындардан 580-ге жуық өтініш түсті. Түскен барлық өтініштер қаралатын болады.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың сөзінше, акцияның басты мақсаты — жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтарды, әсіресе балаларды қорғау.

Полиция қазақстандықтарды кез келген құқық бұзушылықтар мен балалардың қараусыз қалу деректері туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырды.