Баспана, еңбек дауы, әлеуметтік қорғау: Құрылтай депутатына бірнеше азамат арызын айтып келді
Іс-шараның негізгі идеясы – қазақстандықтар мен халық қалаулылары арасында тікелей байланыс орнату
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Тілектес Адамбеков азаматтарды қабылдап, түйткілді проблемаларына назар аударды. Қабылдау іс-шарасы Астанадағы «Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың қабылдауына келген азаматтар баспана, еңбек дауы, әлеуметтік қорғау, сол сияқты тың идеяларын іске асыру мәселелерімен жүгінді. Іс-шараның негізгі идеясы – қазақстандықтар мен халық қалаулылары арасында тікелей байланыс орнату, олардың өтініштерін қарау, қажетті көмек көрсету, сондай-ақ алдағы жоспарды әзірлеу.
«Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде көмек сұрай келген азаматтардың өтініштерін тыңдадық. Олар түрлі арыз-шағыммен келді. Мысалға алар болсақ, ел әскерінде ұзақ уақыт қызмет еткен полковник ағамыз еңбек өтілінің хронометражы жоқ екенін айтып, өтінішпен келді. Өзге де проблемалармен келгендер бар. Олардың арыз-шағымының бәрін жазып алдым, енді оларды шешу үшін құзырлы органдарға жолдап, көмек көрсетеміз. Құзырлы органдар бізге жылдам жауап беруі керек. Әр өтініштің мән-жайын зерттеуі қажет. Арасында тез шешілетін де, уақыт алатын мәселелер де бар. Арнайы өтінішпен келген азаматтарымызға барынша көмек көрсетуге тырысамыз», – деді депутат Тілектес Адамбеков.
Құрылтай депутатының қабылдауына Астана тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі Бауыржан Алдабергенов келіп, еңбек дауына қатысты проблемасын айтып шағымданды.
«Өзім Астанада тұрамын. ІІІ топтың мүгедегімін. №106 жалпы орта білім беретін мектепте шаруашылық меңгерушісі болып азды-көпті еңбек еттім. Алайда, клинингтік компания келіп, салдарынан менің жұмысым қысқартуға ілініп кетті. Қоғамдық қабылдауға осы мәселеммен жүгініп отырмын. Енді Тілектес Серікбайұлының атына «Е-Өтініш» арқылы хат жолдап, басыма түскен қиындықты толықтай жазып жіберетін боламын. Бұл проблемам көп ұзамай реттеледі деп үміттенемін», – деді ол.