Жылу құбыры мен шатыры ауысты: Ақтөбеде көпқабатты үйлерді жөндеуге 1,7 млрд теңге жұмсалды

«Әділет» партиясының қолдауымен Ақтөбе қаласында көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді

Жылу құбыры мен шатыры ауысты: Ақтөбеде көпқабатты үйлерді жөндеуге 1,7 млрд теңге жұмсалды
Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Ақтөбе тұрғындары ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеуден өткізе алмай келген көпқабатты үй толық жаңғыртылды. Бұл мәселе «Әділет» партиясының «Біздің қала» жобасы аясында шешімін тапты. Нәтижесінде ғимараттың кіреберісін толық жөндеп, шатыр жабындысын ауыстырды, сол сияқты инженерлік желілерін жаңартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тұрғын үй қорын жаңарту – еліміздегі инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін құрылыс қарқынын жеделдетудің, оның ішінде тұрғын үй саласын дамыту, сондай-ақ коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін атап өткен.

Осы орайда Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазыбаеваның айтуынша, биыл осы шаһарда 18 тұрғын үй жаңартылады. Бүгінде облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, 11 үйді күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Соның бірі – Есет батыр көшесі, 73А мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үй. Мұнда үйдің ортақ мүлкін жаңартуға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылды.

«Біздің қала» партиялық жобасы аясында біз тұрғын үйлердегі мәселелерді шешуге ғана емес, оларды тиімді басқаруға да көңіл бөліп отырмыз. Үй төрағаларымен тұрақты кездесіп, көтерілген мәселелерді тиісті органдарға жеткізу және шешілу барысын бақылау жұмысы жолға қойылды», – деді партиялық жобаның жұмыс тобы жетекшісі Анар Даржанова.

Оның айтуынша, тұрғындар өз үйіне жауапкершілікпен қарап, ортақ мәселені шешу ісіне белсенді араласуы да маңызды. Сондықтан тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтуге басымдық беріліп отыр.

Осындай қордаланған мәселенің оң шешілуіне партия қалай ықпал еткені жайлы осы үйдің тұрғыны Галина Клопотовская айтып берді. Оның айтуынша, бұл мәселені тұрғындар бірнеше рет көтерген. «Әділет» партиясының өкілдері мен ПИК төрағасы үй тұрғындарымен бірнеше рет кездесіп, олардың ұсыныс-тілектері мен түйткілдерін зерделеді. Нәтижесінде үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, бірқатар мәселе өз шешімін тапты.

«Бұрын кейбір пәтер дұрыс жылымайтын еді. Күрделі жөндеу кезінде апатты жағдайдағы құбырлар толық ауыстырылып, қазір үйіміздің жылуы жақсарды. Жөндеу жұмысының нәтижесін көрген басқа үйлердің тұрғындары да бізге келіп, күрделі жөндеуді қалай жүргізуге болатынын сұрап жатыр. Бұл жұмыстар тұрғындардың ортақ мүлікке деген жауапкершілігін де арттырды. Бүгінде үйіміз жылы әрі жайлы. Тұрғындардың мәселесіне назар аударып, осындай жұмыстарды ұйымдастырып отырған «Әділет» партиясына, әкімдікке және Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз», – дейді Галина Клопотовская.

Айта кетейік, тұрғын үй қорын жаңғырту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. «Біздің қала» жобасы бұл мәселелерді тұрғындармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Ақтөбедегі бұл тұрғын үйдің таризы – осындай атқарылған жұмыстың жарқын мысалы.