Мәлімет іздеу, интернетке тәуелділік, дәрігер еңбегін бағалау: депутат медицинадағы мәселелерді көтерді
Депутат саладағы түйткілді мәселелерді көтеріп, министр Ақмарал Әлназароваға сауал жолдады
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Русана Сулаймонова науқастың негізгі мәліметтерін автоматты түрде біріктіру, интернет пен техникалық ақау кезінде жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беретін резервтік тәртіп енгізу және медицина қызметкерінің нақты атқарған жұмысын жүйеде толық есепке алу мәселелерін көтерді. Осыған байланысты ол сала министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат сөз басында медициналық ақпараттық жүйелер дәрігерлердің негізгі жұмыс құралдарының біріне айналды. Алайда деректерді қайта енгізу, ақпаратты әртүрлі бөлімдерден іздеу, кейбір операцияларды қолмен орындау және интернетке тәуелділік қосымша жұмыс туғызып, ақхалатты мамандардың уақытын алады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы мен «Салауатты қоғам» қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Ол үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, дәрігердің пациентке көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау қажет. Бұл бағыт «Әділет» партиясының адамға бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі сайлауалды бағдарламасында анық көрсетілген», – дейді депутаты.
Осыған байланысты Русана Сулаймонова өз сауалында медициналық ақпараттық жүйелерді қолдану барысында туындайтын бірқатар мәселеге назар аударып өтті:
Біріншіден – медициналық деректерді қайта іздеу және енгізу мәселесі. Оның айтуынша, пациенттің маңызды медициналық деректері жүйенің әртүрлі бөлімдерінде орналасқандықтан, дәрігер оларды қайта іздеуге немесе енгізуге мәжбүр. Бірыңғай анамнездің болмауы толық ақпаратты жылдам алуды қиындатып, дәрігердің уақытын алады.
Екіншіден – медициналық қызметтердің ақпараттық жүйелер мен интернетке тәуелділігі. Техникалық ақаулар немесе интернет болмаған жағдайда медициналық қызмет көрсету қиындайды. Бұл әсіресе шалғай ауылдар мен цифрлық мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін өзекті.
Үшіншіден – медицина қызметкерінің атқарған жұмысының толық ескерілмеуі. Кейбір көрсеткіштер медицина қызметкеріне ғана емес, пациенттің өзіне де байланысты. Дәрігер пациентті шақырып, хабарлап, жолдама бергенімен, пациент келмеуі, бас тартуы немесе байланысқа шықпауы мүмкін.
Осының негізінде Русана Сулаймонова Денсаулық сақтау министрлігінен мынадай ұсынысын жеткізді:
- Медициналық ақпараттық жүйелерде пациенттің негізгі медициналық деректері негізінде бірыңғай анамнезі, созылмалы аурулары, аллергиясы және басқа да маңызды деректері автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігін қарастыру;
- Техникалық ақаулар немесе интернет болмаған жағдайда медициналық ұйымдардың жұмысын жалғастыру үшін бірыңғай резервтік тәртіп пен пациентті сәйкестендірудің баламалы тәсілдерін енгізу мүмкіндігін қарастыру;
- Медициналық ақпараттық жүйелерде медицина қызметкерінің нақты атқарған әрекеттерін тіркеу және есепке алу мүмкіндігін қарастыру. Пациенттің бас тартуы, қабылдауға келмеуі немесе байланысқа шықпауы медицина қызметкерінің жұмысын бағалауға негізсіз әсер етпеуі тиіс.