Осман мемлекетінің қалыптасу жолы: «Астана» телеарнасында «Орхан» тарихи сериалы басталады

Сериалда Орханның жауынгерден ел билеушісіне дейінгі қалыптасу жолы көрсетіледі

Осман мемлекетінің қалыптасу жолы: «Астана» телеарнасында «Орхан» тарихи сериалы басталады
Фото: «Астана» телеарнасы

Тарихи сериалдар көрерменнің ерекше ықыласына ие. Бұл жанрдағы туындылар өткен дәуірдің тынысын сездіріп, ел тағдыры, билік, адалдық, махаббат пен күрес секілді мәңгілік тақырыптарды қозғайды. «Астана» телеарнасында Осман мемлекетінің қалыптасу жолын баяндайтын «Орхан» тарихи драмасы көрерменге жол тартады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа телехикаяда Осман мемлекетінің қалыптасу кезеңі көрініс табады. Басты кейіпкер – елдің екінші билеушісі Орхан Ғази. Ол көрермендерге «Осман» телехиясы арқылы өте таныс Осман Ғазидің ұлы.

Сериалда Орханның жауынгерден ел билеушісіне дейінгі қалыптасу жолы көрсетіледі. Оның әрбір қабылдаған шешімі тек өз тағдырына емес, тұтас елдің болашағына әсер етеді. Бурса мен Изник жерлері үшін болған күрес, Византиямен текетірес, түркі билеушілері арасындағы саяси қарым-қатынастар сериалдың тарихи желісін күшейтеді. Басты кейіпкердің жеке сезімі мен мемлекеттік міндеттің арасындағы қайшылық та кеңінен көрініс табады. Орхан мен Нилюфер хатунның қарым-қатынасы, сарайдағы шытырман оқиғалар, отбасылық байланыстар мен махаббат хикаялары оқиға желісін қызықтыра түседі.

Сериал режиссері – Бүлент Ишбилен, продюсері әрі сценарий авторларының бірі – Мехмет Боздаг. Басты рөлдерді Мерт Языджыоғлу, Махассине Мерабет, Алина Боз, Джихан Үнал, Барыш Фалай сынды танымал түрік актерлері сомдайды.

«Астана» телеарнасы әке аманатын арқалаған жас билеушінің өмір жолы туралы телехикаяны 13 қазаннан бастап күн сайын сағат 21.00-де көрермен назарына ұсынады.