2026 жылдың бірінші жартысында бейінді мамандарға жазыла алмай, қиындық көрген науқастардан 2 925 шағым түскен
Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Арман Жансеңгіров денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдап, азаматтардың бейінді дәрігерлердің қабылдауына және диагностикалық зерттеулерге ұзақ уақыт күту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартысында бейінді мамандардың қолжетімділігіне қатысты 2 925 шағым түскен. Өтініштердің басым бөлігі Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласына тиесілі.
Арман Жансеңгіров қолданыстағы реттеуде жоспарлы медициналық көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімі белгіленбегенін, сондай-ақ өңірлер бойынша нақты күту уақыты ашық жарияланбайтынын айтты.
«Қолданыстағы тәртіпте күту мерзіміне қатысты бірізділік жоқ. Бір жағынан, Қордың мониторинг талаптарында 10 күн көрсетілсе, түсіндірмелерде 15 жұмыс күні айтылады. Ал қолданыстағы бұйрықтың өзінде нақты шекті мерзім белгіленбеген. Мұндай жағдай пациенттің маманға қашан қабылданатынына қатысты белгісіздік туғызады», деді Жансеңгіров.
Депутат бейінді мамандардың қабылдау кестесін 60 күнге жариялау талабы да мәселені толық шешпейтінін атап өтті. Оның сөзінше, алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігеріне жазылу мерзімінің реттелмеуі науқастың күту уақытын ұзартады.
«Жоспарлы көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімін бекіту қажет. Онкологиялық ауруға күдік бар пациенттер мен балалар үшін қысқартылған мерзім қарастырылуы тиіс. Сонымен бірге күту уақытын автоматты бақылау және оның нәтижелерін жария мониторингке шығару керек», деді Құрылтай депутаты.
Жансеңгіров мамандардың саны өзгермей тұрып, қабылдауға арналған жаңа уақыт нормативтерін енгізу медициналық қызметтің қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін екенін де көтерді.
Ол жолдамалар санын пациенттің диагнозы мен клиникалық хаттамаларға сәйкес анықтауды және бейінді дәрігерге қайта жазылуды «ауру жалғасуда» деген формалды өлшемге байланыстырмауды ұсынды.
««Үштен аспайтын» жолдама шектеуі бірнеше дерті бар науқастардың жағдайын ескермейді. Сондықтан жолдамалардың көлемі клиникалық хаттамаларға сай белгіленуі керек. Ал дәрігердің қабылдауына қайта жазылу емдеу нәтижесіне байланысты формалды талапқа айналмауы тиіс», деді ол.
Депутат диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бейінді дәрігерге жазылу мүмкіндігіне де назар аударды. Қазір мұндай жазылудың мобильді қосымшаға тәуелді болуы егде жастағы және ауыл тұрғындары үшін қосымша қиындық тудыруы мүмкін.
«Бейінді дәрігерге тікелей жазылуды тек мобильді қосымшамен шектемей, колл-орталық арқылы да қолжетімді ету қажет. Бұл әсіресе цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін маңызды», деп атап өтті Жансеңгіров.
Депутат сондай-ақ өңірлер бойынша нақты күту мерзімдерін тұрақты жариялап отыруды ұсынды.