Қазақстан мен Оман энергетика, логистика және ауыл шаруашылығында бірлескен жобаларды дамытады
Астанада қазақ-оман бизнес форумы өтті
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың елімізге мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі елдің жетекші компаниялары мен іскерлік топ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде өзара сенім мен түсіністік сипатында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздердің ашық, объективті әрі шын мәнінде мазмұнды болғанын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілету үшін тиісті келісімшарт-құқық базасы мен институттық негіздерді күшейту қажет екенін алға тартты.
Президент бұл ретте Инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің маңызына тоқталды. Аталған уағдаластық аясында жобаларды іске асыратын инвесторлар анағұрлым түсінікті, ашық әрі сенімді шарттармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға айрықша мән берілді.
«Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін», – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, тиімді қаржылық тетіктер Қазақстан мен Оманның ортақ мақсаттарын қуаттай түседі.
«Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптаймыз. Бұл маңызды бастама қаржылық мүмкіндіктерді біріктіріп, қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз Оманның жақында құрылған Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты жолға қоюға болады деп санаймыз. Екі ел қаржы институттарының бір-бірімен тікелей байланыс орнатуы инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың негізгі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесіне егжей-тегжейлі тоқтала кетті.
«Энергетика және тау-кен өнеркәсібіндегі көпжылдық табысты серіктестігіміз оң нәтижесін бере бастады. Біз мұны мақтан тұтамыз. Өмірлік маңызы бар осы салаларда әлеуетімізді біріктіру екі елдің игілігіне қызмет ететін бірлескен жаңа кәсіпорындардың пайда болуына септігін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент көлік-логистика саласында ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.
«Біз Оманды көлік-логистика саласындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Өйткені, бұл – стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, порт инфрақұрылымы ілгері, Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығатын жолы бар ел. Ал Қазақстан – табиғи ресурсы мол, өндіріс базасы дамыған, Азия мен Еуропа арасындағы көлік бағдарларында стратегиялық рөл атқаратын әрі көлік байланысын өркендету жөнінде нақты жоспарға ие мемлекет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үндеді.
«Еліміздің жазиралы даласында ауыл шаруашылығымен айналысуға мол мүмкіндік бар. Сондықтан бүкіл Шығанақ аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сенімді серіктес бола аламыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында қазіргі уақытта саяси деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске ұластыру және экономикалық байланыстарды қазақ-оман серіктестігінің тірегіне айналдыру басты міндет екенін айтты.
«Қазақстан мен Оман кәсіпкерлерін серіктестік байланыс орнату, келешегі зор жобаларды пысықтау және инвестиция ауқымын кеңейту мақсатында Іскерлік кеңес мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға шақырамын. Іскер топтар белсенді үлес қосса, экономикалық әріптестігіміз жаңа деңгейге көтерілетіні анық», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ форумда АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және Oman Investment Authority президенті Абдулсалам бен Мұхаммед Әл-Муршиди сөз сөйледі.