Алтын өндіріп, 844 млн теңге тапқан: Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» директорының орынбасарлары сотталды

Олар заңсыз өндірген алтын көлемі 15 келіден асқан

Алтын өндіріп, 844 млн теңге тапқан: Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» директорының орынбасарлары сотталды
Фото: freepik.com

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Өскемен қалалық филиалы директорының бұрынғы орынбасары А. Рахымжанов пен Д. Нұртазин 4 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде заңсыз алтын өндіру ісін ұйымдастырған. Осы үшін олар өздеріне бағынысты «EastGoldStone» компаниясын пайдаланған. Ал олардың тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы болған.

Алтын өндіру жұмысына ауыр техникалар – экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар, сондай-ақ жуу жабдығы қолданылған.

«Заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асқан, оның құны 844 млн теңгеден жоғары. Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын мен 579 г күміс тәркіленді. Қылмыстық әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Бүлінген жер аумағы 18,2 гектарды құрады. Сонымен қатар заңсыз әрекет барысында мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған. Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асты», – делінген агенттік хабарламасында.

Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар. Үкім заңды күшіне енген жоқ.