Өскемендегі дәмханалардың бірінде полиция қызметкері қаза тапты

Жанжал кезінде 40 жастағы ер адам қаза тауып, тағы бір келуші зардап шекті

Өскемендегі дәмханалардың бірінде полиция қызметкері қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Өскеменде қаладағы дәмханалардың бірінде болған жанжалдан кейін қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оқиға салдарынан сол сәтте қызметтен тыс уақытта болған полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 4 қазанға қараған түні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, келушілердің арасында олардың біріне оның әдепсіз әрекетіне байланысты ескерту жасалғаннан кейін жанжал шыққан.

«Өскемендегі дәмханалардың бірінде келушілердің бірі оның әдепсіз әрекетіне ескерту жасаған 40 жастағы жергілікті тұрғынға дене жарақатын салған. Алған жарақатынан ол қайтыс болды. Сондай-ақ күдіктінің әрекетінен тағы бір келуші зардап шекті», – деп нақтылады полиция.

Полиция департаменті қаза тапқан ер адамның полиция қызметкері болғанын растады. Оқиға кезінде ол қызметте болмаған.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты полиция өзге ақпаратты жарияламайтынын хабарлады.