Алдағы үш күнде мегаполистердегі ауа райы қандай болады
2026 жылдың 4–6 қазаны аралығында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ауа райы күрт суытады
2026 жылдың 4–6 қазаны аралығында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ауа райы күрт суытып, жаңбыр мен қар жауады, сондай-ақ жел күшейеді. Елордада термометр бағаны 0°C-қа дейін төмендеп, желдің жылдамдығы секундына 30 метрден асады, ал Алматыда +28°C жылылықтан кейін температура кейде +12°C-қа дейін құлдырайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Елордада 4-6 қазан аралығында күн суытып, жауын-шашын күшейеді. 4 қазанда жаңбыр жауып, күн соңында қар аралас жаңбырға ұласады, ауа температурасы +8…+10°C болады. 5 қазанда қар аралас жаңбыр жауып, түнде 0…+2°C, күндіз +3…+5°C-қа дейін төмендейді, желдің екпіні 30 м/с-тан асады. 6 қазанда да қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы түнде 0…+2°C, күндіз +2…+4°C болады. Жел 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді.
Алматыда 28 градусқа дейін жылынғаннан кейін ауа райы күрт бұзылады. 4 қазанда жауын-шашынсыз, күн жылы болады: түнде +12…+14°C, күндіз +26…+28°C. 5 қазанда жаңбыр жауып, кей уақытта нөсерге ұласады, ауа температурасы түнде +8…+10°C, күндіз +12…+14°C-қа дейін төмендейді. 6 қазанда жауын-шашынсыз, алайда салқын ауа райы сақталып, түнде +5…+7°C, күндіз +13…+15°C болады.
Шымкентте 4-6 қазан аралығында жауын-шашынды әрі салқын ауа райы күтіледі. 4 қазанда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей уақытта нөсер болады, ауа температурасы +15…+17°C шамасында сақталады. 5 қазанда түнде жаңбыр жауып, күндіз жауын-шашын тоқтайды, температура түнде +8…+10°C, күндіз +13…+15°C болады. 6 қазанда жауын-шашынсыз, түнде +5…+7°C, күндіз +15…+17°C жылы болады.