«Байлаулы күшігін лақтырған»: Алматыда әйел адамның әрекеті жұртты шошытты (ВИДЕО)

Полиция жануарға қорлық көрсеткен әйелді іздестіріп жатыр

«Байлаулы күшігін лақтырған»: Алматыда әйел адамның әрекеті жұртты шошытты (ВИДЕО)
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Әлеуметтік желіде Алматыда әйел адамның өтіп бара жатқан адаммен жанжалдасып, қолындағы байлаулы күшігін оған қарай лақтырған сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнежазбада әйел адамның бейтаныс адаммен жанжалдасып, кейін жағдайдың төбелеске ұласқаны көрінеді. Кадрларда қолындағы күшігіг өтіп бара жатқан адамға қарсы қолданғаны байқалады.

Желі қолданушылары оқиғаға алаңдап, әйел адамның әрекетіне қатысты пікір білдірген. Куәгерлердің бірі тіпті ол итті қылқындырып, аяқпен тепкенін байқаған. Кейбірі жануарды одан алып қою қажеттігін жазған. Сондай-ақ оқиға кезінде балағат сөздер айтып, тұрғындардың мазасын алғаны туралы жазбалар тараған.

Жануардың жағдайына байланысты видео авторы жазба қалдырды. Ол қазіргі таңда итті өзіне алғанын және ветеренардың қабылдауында болғанын айтқан. Маман жануардың терісі жеңіл түрде қабынғанын түсіндірген.

Осыған байланысты Алматы қаласының Полиция департаментіне сауал жолдадық.

«Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға қатысты Әуезов аудандық Полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Бейнежазбада әйел адамның жанжал кезінде қолындағы итті өтіп бара жатқан адамға қатысты қолданғаны көрінеді. Осыған байланысты оқиғаға қатысушылардың жеке басы және болған жағдайдың барлық мән-жайы, оның ішінде жануарға қатысты жасалған әрекеттер анықталуда. Тексеру нәтижесі бойынша әйел адамның әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті процестік шешім қабылданады. Полиция жануарларға мұндай қарым-қатынасқа жол берілмейтінін еске салады. Әр адам жануарларға ізгілікпен әрі жауапкершілікпен қарап, олардың зардап шегуіне немесе зиян келуіне әкеп соғатын әрекеттерге жол бермеуге тиіс», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріледі.