Ұлдананың анасы да, оның отбасы да Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан көргісі келмейді – адвокат

Автор: Асыл Арман

Ол марқұм фельдшердің анасының ойын жеткізді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Адвокат Нұрсұлтан Өмірбек марқұм Ұлдананың сотына байланысты фельдшердің анасы Сәлима Ешанқұлова бұрынғы күйеу баласы Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан көргісі келмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол марқұм фельдшердің анасының ойын БАҚ өкілдеріне жеткізді.

«Ол (ред. – Ұлдананың анасы) Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан алып тастау туралы өтінішті жария түрде оқуды сұрады. Бұл әзірге ерте. Біз қылмыстық істі қайта бастау туралы өтініш берген едік. Іс қайта басталып, қылмыстық істер біріктірілгеннен кейін Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан шығару туралы өтініш береміз. Сол себепті бұл жерде ешқандай келіспеушілік жоқ, бұл – істі жүргізу тәртібіне қатысты мәселе. Біз оған осы мәселені түсіндірдік. Бұл – эмоцияға байланысты жағдай. Бүгін сотталушының соңғы сөзі тыңдалады. Ол бүгін бәрі аяқталады деп ойлаған. Өзі де, отбасы да Әділет Зейнелдің жәбірленушілер қатарында болғанын қаламайды», – дейді адвокат Нұрсұлтан Өмірбек.

Айта кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің қатарында 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Сол қайғылы оқиға салдарынан жалпы бес адам түрлі жарақат алды.

Жас маман он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл шешім оның қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен жанқиярлығы мен кәсібіне адалдығына көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.