«28 градусқа дейін жылы»: елімізде қазан айында ауа райы қандай болады
Бір айға арналған ауа райы болжамы жарияланды
Биыл елімізде қазан айында ауа райы қандай болмақ? Синоптиктер бір айға арналған болжам жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандардың болжамына сүйенсек, қазан айында ауа райы жылы болмақ, ал жауын-шашын климаттық норма шамасында болжанып отыр.
«Қазан айының алғашқы күндерінде еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы +15+25°С аралығында болады. Одан кейін Солтүстік циклонның әсерінен республиканың барлық аумағында жаңбыр мен қар жауады. Жел күшейіп, оның екпіні 15-28 м/с-қа дейін жетеді. Солтүстік жартысында бұрқасын болуы мүмкін. Арктикалық ауа массаларының енуіне байланысты тұман, көктайғақ болуы және үсік жүруі мүмкін», – делінген болжамда.
«Қазгидрометтің» болжамына сүйенсек, ауа температурасы айтарлықтай төмендейді, алайда бұл кезең ұзаққа созылмайды:
- елдің батысында, солтүстік-батысында түнде -6+5°С, күндіз +2+11°С- қа дейін;
- солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде -1-6°С, күндіз 0,+8°С- қа дейін;
- республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде 0,+5°С, күндіз +10+15°С, таулы аудандарда түнде -2-10°С, күндіз +5+10°С-қа дейін.
«Алғашқы онкүндіктің екінші жартысында Орта Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан жылы ауа массалары ығысуына байланысты еліміздің басым бөлігінде күндізгі ауа температурасы +15+20°С-қа дейін, оңтүстік-батыста және оңтүстік жартысында +18+28°С-қа дейін жоғарылайды», – делінген болжамда.
Қазан айының екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа температурасы құбылмалы болады:
- батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнде +5+12°С-тан -5+5°С-қа дейін, күндіз +18+28°С-тан +10+20°С-қа дейін;
- елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде +3+8°С-тан -1-8°С-қа дейін, күндіз +15+23°С-тан +3+13°С-қа дейін;
- оңтүстік жартысында түнде +5+10°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз +15+23°С-тан +20+30°С-қа дейін. Кейбір кезеңдерде ауа температурасы түнде -1-6°С, күндіз +10+15°С болады.
«Жалпы, қазан айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары, ал Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар және Абай облыстарының солтүстік-шығыс жартысында климаттық норма шамасында болады. Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық нормаға жуық болады деп болжанып отыр», – делінген болжамда.