Сарыағашта ер адам Шымкент тұрғынынан 5 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды
38 жастағы ер адам жеке мәліметтерді таратамын деп қорқытқан
Түркістан облысының тұрғыны 5 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сарыағаш ауданының 38 жастағы тұрғынын ақша бопсалады деген күдікпен ұстаған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам Шымкент қаласының тұрғынынан оның ар-намысына тиетін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, 5 млн теңге талап еткен. Тінту барысында күдіктіден ұялы телефон мен 5 млн теңге көлеміндегі ақша тәркіленді», – деп хабарлады ІІМ.
Ер адамның бұған дейін ұрлық жасағаны және есірткі сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.