Қарағандыда жол апаты болды: жүк көлігінің жүргізушісі кабинада қысылып қалған
Оқиға салдарынан көлік қатты деформацияланып, 1989 жылы туған жүргізуші кабина ішінде қысылып, сыртқа өздігінен шыға алмай қалған
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы аумағынан өтетін «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолында ірі жүк көлігі аударылып қалды. Оқиға салдарынан көлік қатты деформацияланып, 1989 жылы туған жүргізуші кабина ішінде қысылып, сыртқа өздігінен шыға алмай қалған. Шақырту бойынша оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары жедел келіп жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ құтқарушылары гидравликалық құралдардың көмегімен арнайы құтқару операциясын жүргізді. Кабинаның майысқан темірлерін кесу арқылы ер адам аман-есен сыртқа шығарылды.
Оқиға нәтижесінде құтқарылған жүргізуші жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары оқиға орнындағы апат салдарларын толықтай жойып, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті.