Қазіргі таңда 23 әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды.
Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымы ресми түрде басталып, бүгінгі таңда 23 әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әлішер Беспаевтың айтуынша, биыл алғашқы болып Есіл ауданы жылу алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгіленген жоспарға сәйкес, алғашқы болып 26 қыркүйекте Ғабит Мүсірепов атындағы аудан жылуға қосылады. Ал 28 қыркүйектен бастап Петропавл қаласымен қатар Жамбыл және Мамлют аудандарында жылу беру маусымы басталады. Облыстың қалған аудандары жүйеге 1 қазаннан бастап толықтай тартылатын болады.
Өңірде жылу және электрмен жабдықтау нысандарын жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар аяқталып келеді. Петропавл ЖЭО-да 6 қазандық пен 6 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілді. Жоспарланған 3,5 шақырымның орнына 5,2 шақырым теплотрасса жаңартылып, 1 273 шақырым электр желісі жөндеуден өтті.
Сондай-ақ аудандық қазандықтарды дайындауға бюджеттен 19 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда 2 жаңа орталық қазандық пайдалануға берілсе, тағы 8 қазандық жөнделіп, 6 жаңасы сатып алынды.
Өңірде жеткілікті отын қоры қалыптасқан. Теміржол тұйықтарында 54 мың тонна көмір бар, оның 14 мың тоннасы Петропавл қаласына тиесілі. Облыс орталығындағы дайындық жұмыстары апта соңына дейін толығымен аяқталады.