Алматы облысында құтқарушылар тауда аяғын жарақаттаған туристке көмек көрсетті
Шыңнан төмен түсіп келе жатқанда туристердің бірі аяғын қайырып алып, өздігінен қозғала алмай қалған
Алматы облысы Қарасай ауданында, теңіз деңгейінен 3674 метр биіктікте орналасқан Каменский шыңында екі турист төтенше жағдайға тап болған. Шыңнан төмен түсіп келе жатқанда туристердің бірі аяғын қайырып алып, өздігінен қозғала алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шақырту бойынша оқиға орнына Алматы қалалық Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары жедел жетті.
Құтқарушылар зардап шеккен турист пен оның серігін тау ішінен «Алма-Арасан» экобекетіне дейін аман-есен алып түсті.
Құтқару жұмыстары сәтті аяқталып, зардап шеккен туристерге ауруханаға жатудың қажеті болған жоқ. Олар денсаулық жағдайларының жақсы болуына байланысты жолдарын өздігінен жалғастырды.
Осы оқиғаға байланысты ТЖМ мамандары азаматтарға тауға шығар алдында бағытты мұқият жоспарлап, ауа райы болжамы мен күннің бату уақытын міндетті түрде ескеруді, сондай-ақ белгіленген туристік соқпақтардан ауытқымауды қатаң ескертеді.