Қазақстан Газа секторындағы гуманитарлық ахуалды қалыпқа келтіру ісін құптайды

Қазақстан Таяу Шығыста орнықты бейбітшілік орнатуға бағытталған күш-жігерді қолдады

Қазақстан Газа секторындағы гуманитарлық ахуалды қалыпқа келтіру ісін құптайды
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы шеңберінде өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің жыл сайынғы Үйлестіру кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, кездесуге қатысушылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Таяу Шығыстағы ахуалдың дамуына және оның гуманитарлық салдарына ерекше назар аударылды.

«Өз сөзінде, сыртқы істер министрі Қазақстанның халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаттарына бейілділігін растады және Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің тез арада бәсеңдеуіне, орнықты бейбітшілікті қамтамасыз етуге және Газа секторындағы гуманитарлық ахуалды қалыпқа келтіруге бағытталған ИЫҰ-ға бірқатар мүше мемлекеттердің делдалдық күш-жігерін қолдады», – делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Сонымен қатар, сөз сөйлеу барысында ислам әлеміндегі технологиялық және ғылыми тұрғыдан неғұрлым дамыған мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «ИЫҰ-15» тобы мен штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру жөніндегі Қазақстан бастамаларының өзектілігі аталып өтті.