Ал мердігер компания басшысы жолды қайта жөндеуден бас тартқан
Қызылжар өңірінде жолға бөлінген 700 миллион теңге желге ұшты. Ғабит Мүсірепов ауданында былтыр ғана төселген асфальт езіліп қалды. Чистополье мен Еленовка ауылдарын қосатын жол Кеңес Одағы кезінен бері жөндеу көрмепті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Өткен жылы күре жолдың 21 шақырымы жаңғыртылды. Алайда, бірнеше айдан кейін тақтайдай тегіс асфальттың тас талқаны шыққан.
«Жол өткен жылдың шілде айында ғана жөнделген. Келісім-шартқа сәйкес асфальттың қалыңдығы 5 см болуы тиіс. Бұған 719 миллион теңге бөлінді. Бірақ асфальт көп жерде езіліп, тесіліп қалды. Мердігер компания бұл кемшіліктерді жоюдан бас тартып отыр», - деді Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Баяхмет.
Ал мердігер кәсіпорын басшысы жолдың барлық талаптарға сай төселгенін айтты.
«Біз тиісті талаптарды мүлтіксіз орындадық. Асфальттың сапалы төселгенін тәуелсіз экспертиза да растады. Жолды жүк көліктері езіп тастады. Онда бидай тасып жүрген қытайлық көліктердің жалпы салмағы 100 тоннадан асады. Менің бұған дәлелім бар. Бұндай салмаққа қай жол шыдайды? Осыған байланысты мен қайта жөндеуден бас тарттым. Енді тапсырыс берушімен тек сотта ғана кездесеміз», - деді мердігер компания директоры Валерик Аргарян.