Қауіпті қалдықтарды өңдеп, 778 млн теңге тапқан: Ақтөбеде лицензиясыз жұмыс істеген кәсіпкер сотталды
Ол 10 мың шаршы метр өндірістік базада қауіпті қалдықтарды заңсыз өңдеп, пеш отынын өндірген
Ақтөбе облысында «Kazenergy» жеке кәсіпкерлігінің басшысы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 778 млн теңге пайда тапқаны үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметінше, ол 10 мың шаршы метр өндірістік базада қауіпті қалдықтарды заңсыз өңдеп, пеш отынын өндірген. Шикізат ретінде пайдаланылған майлар, мұнай шламдары және құрамында мұнай бар өзге де қалдықтар қолданылған. Олар нафтамен араластырылып, айналым әдісімен өңделген.
Алайда кәсіпкерге қауіпті қалдықтарды өңдеуге, залалсыздандыруға және кәдеге жаратуға қажетті лицензия мен экологиялық рұқсат берілмеген.
«Нәтижесінде 11 миллион литрден астам пеш отыны сатылып, қылмыстық жолмен 778 миллион теңге табыс алынған. Сот оның мүлкін, соның ішінде өндірістік нысанын, автокөліктерін және банк шоттарындағы ақшасын тәркіледі. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Айта кету керек, өндірілген пеш отыны ұлттық сапа стандарттарына сай келмеген әрі құрамында зиянды химиялық заттар болған. Мұндай отынды тұрмыстық және өнеркәсіптік қазандықтар мен пештерде жағу кезінде ауаға улы заттар тарауы ықтимал еді. Бұл өңір тұрғындарының тыныс алу жүйесі мен денсаулығына қауіп төндірген», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.