«Қазгидромет» болжамы жарияланды
«Қазгидромет» РМК алдағы үш күнде Қазақстан аумағында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады деп болжап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, бұл ретте ауа температурасы жылдың осы кезеңіне тән жайлы деңгейде болады. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі.
Түнгі және таңғы сағаттарда кей жерлерде тұман болжанады.
«Күндіз ауа температурасы еліміздің батысында +25…+32°С, солтүстік-батысында +20…+31°С, солтүстігінде және орталық өңірлерінде +18…+27°С, шығысында +13…+23°С, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында +25…+32°С-қа дейін көтеріледі», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.