Алматыда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бойжеткен аман-есен табылды

Ол осы уақыт бойы Қарағанды қаласында болған

Алматыда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бойжеткен аман-есен табылды
Фото: ІІМ

Алматы облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен 17 жастағы бойжеткен аман-есен табылды. Ол осы уақыт бойы Қарағанды қаласында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасөспірім 21 шілдеге қараған түні Алматы облысының Долан ауылындағы үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен. Кетер алдында ол өз бұйымдары мен жинаған қаражатын бірге алып кеткен.

Белгілі болғандай, бойжеткен бұған дейін тігінші болып жұмыс істеп, өзіне жаңа телефон сатып алған және ұялы телефон нөмірін ауыстырған. Ал анасының айтуынша, көршілері оны бір жігітпен таныстырмақ болған кезде бойжеткен шошып, үйден кетіп қалуы мүмкін.

Қарағанды қаласында пәтер жалдап тұрған бойжеткен жекеменшік балабақшалардың біріне тәрбиеші болып жұмысқа орналасқан. Із-түзсіз жоғалған қызды тәртіп сақшылары «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық шарасы кезінде анықтап, аман-есен тапты.

«Жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында бұған дейін Алматыда хабар-ошарсыз кеткен кәмелетке толмаған қыз анықталды. Ақпарат Алматы қалалық ПД-ға берілді», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД ресми өкілі Бақытжан Қудияров.

Полиция қызметкерлері бойжеткенді әкесіне тапсырды. Қазіргі уақытта олар Алматы облысындағы үйлеріне қайтып бара жатыр.