Парижде Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Іс-шара аясында Арман Қырықбаев ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Халед әл-Ананимен кездесті

Парижде Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты шара өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Арман Қырықбаев ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Халед әл-Ананимен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Парижде көрнекті опера әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ЮНЕСКО-ның бас директоры Халед әл-Ананимен кездесті. Қазақстанның бастамасымен өнер иесінің 100 жылдығы 2026 жылы ЮНЕСКО аясында атап өтілетін мерейтойлар қатарына енгізілген.

Арман Қырықбаев осы бастаманы қолдағаны үшін ЮНЕСКО басшылығы мен Хатшылығына алғыс білдіріп, ұйымның Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және кеңінен таныту ісіне қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын, соның ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізуге ұсынылатын жаңа номинацияларды әзірлеу мәселесін талқылады.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығына «Жетісудың киелі ағаш сәулет өнері: мәдениетаралық диалог пен орнықтылық мұрасы» атты сериялық номинацияны алдын ала бағалау жөнінде сұрау жолдады. Номинацияға Жаркент мешіті мен Вознесенск кафедралды соборы кірді.

Халед әл-Анани Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол екенін айтты. Тараптар ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің қызметіне және оның Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытудағы рөліне де ерекше назар аударды.

Екіжақты кездесу аяқталғаннан кейін ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Дәуір дауысы» гала-концерті өтті. Кешке ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо, дипломатиялық корпус өкілдері, әншінің туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Салтанатты кештің ашылуында Арман Қырықбаев көрнекті әншінің шығармашылық мұрасы айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ықпалдастығын одан әрі нығайтуға және ұлттық мәдени мұрамызды халықаралық деңгейде кеңінен танытуға айрықша мән береді. Ұлы әншінің мерейтойын ЮНЕСКО төрінде атап өту біз үшін үлкен мәртебе. Ермек Серкебаев әлемнің елуге жуық елінде өнер көрсетті. Оның дауысы Франция сахналарында да естілді. Сондықтан бүгінгі кешті ұлы әнші мен Париж көрермені арасындағы шығармашылық үндестіктің жалғасы деп білемін», – деді министр.

«Дәуір дауысы» концертіне Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, хоры мен симфониялық оркестрі қатысты. Қазақ және әлемдік опера классикасының таңдаулы туындылары, соның ішінде Ермек Серкебаевтың репертуарындағы шығармалар орындалды. Кеште Ермек Серкебаевтың туған інісі Мұрат Серкебаевтың қызы, белгілі скрипкашы Жәмила Серкебаева да өнер көрсетті.

Әншінің 100 жылдығына арналған концерт бұған дейін Астанада да өтті. Мерейтойлық кешке қатысушыларға Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады. Мемлекет басшысы Ермек Серкебаевты ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайталанбас дарын иесі деп бағалады.