Теміртауда есірткі сатып, 2,4 млрд теңге тапқан: ол енді 20 жылға сотталуы мүмкін
Оның бүгінге дейін жинаған бар мүлкі тәркіленді
Теміртауда заңсыз есірткі өндіріп, оны таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Ресейге қашып кеткен. Бас прокуратураның сұрауымен ол Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ал дайындалған психотроптық, яғни есірткі тектес заттар Қарағанды облысының аумағында таратылған.
Қылмыстық әрекеттен түскен заңсыз табысты күдіктілер түрлі қаржылық операциялар арқылы заңдастырған. Атап айтқанда, криптоайырбастау қызметтерін пайдаланып, 1,8 млрд теңгеден астам қаражатты, сондай-ақ 600 млн теңгеден астам ақшаны жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік сатып алуға жұмсаған.
Қазір аталған активтер мемлекет меншігіне өткізу үшін тәркіленіп, оларға тыйым салынды. Сондай-ақ, қылмыстық топ мүшелерінен 10 килограмға жуық мефедрон тәркіленген.
«Қазіргі уақытта қылмыстық топтың жекелеген мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ал басқа сыбайластары, оның ішінде күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынуына байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Өткен жылдың қазан айында ол Ресей аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен қатар, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кетерлігі, осы қылмыстық топтың тағы бір белсенді мүшесі екі ай бұрын Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланған.