Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға ұшатын рейстерін қайта бастайды

Ұшу жиілігі кезең-кезеңімен артады

Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға ұшатын рейстерін қайта бастайды
Фото: istockphoto.com

Air Astana қазан айынан бастап Алматы мен Астанадан Дубайға ұшатын тұрақты рейстерін қайта бастайды. Ұшу жиілігі кезең-кезеңімен артады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Air Astana Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша тұрақты рейстерді 2026 жылғы 1 қазаннан бастап қайта орындауды жоспарлап отыр. Ал Астана – Дубай – Астана бағытындағы рейстер 2 қазаннан бастап қатынайды.

Қазан айында рейстер саны біртіндеп көбейеді. Алматы – Дубай бағыты бойынша әуе компаниясы алғашқы кезеңде аптасына төрт рейс орындайды.

«Қазан айында рейстер жиілігі біртіндеп артады: Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша аптасына төрт рейстен басталып, ай соңына қарай 12 рейске дейін жеткізіледі. Ал Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша аптасына үш рейстен басталып, ай соңына қарай 10 рейске дейін көбейеді», – делінген хабарламада.

Әуе компаниясы рейстер кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін де ескертті.

«Әуе компаниясы өңірдегі жағдайдың дамуын бақылап отыр. Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты рейстер кестесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Қосымша өзгерістер болған жағдайда жолаушыларға хабарланады», – деп толықтырды Air Astana.

Бұған дейін қазақстандық әуе компанияларының Дубайға рейстерді 30 қыркүйекке дейін тоқтатқаны хабарланған.