Өз үйін шатастырып алған: Қосшыда тұрғындардың мазасын алған 46 жастағы азамат ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Үйде мектеп жасындағы балаларымен жалғыз отырған келіншектің есігін белгісіз ер адам күшпен жұлқылаған

Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысы Қосшы қаласының Қозы Көрпеш көшесінің тұрғыны түн ортасында үрейлі сәттерді бастан кешірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Nayza Kokshe-ге сілтеме жасап.

Үйде мектеп жасындағы балаларымен жалғыз отырған келіншектің есігін белгісіз ер адам күшпен жұлқылап, ішке кіруді талап еткен.

Айқайлаған тұрғындардың сөзіне құлақ аспаған мас ер адам есік тұтқасын жұлқылап, мазасын алған. Қорқынышты жағдайды «102» арнайы желісінің жауап бермеуі одан әрі ушықтырған. Амалсыз қалған келіншек жергілікті қоғамдық чатқа көмек сұрап жазып, сәлден соң ғана учаскелік полиция инспекторымен тікелей байланысқа шыға алған.

Ақмола облыстық Полиция департаменті 1978 жылы туған 46 жастағы азаматтың ұсталғанын растап, ресми түсініктеме берді. Тексеру нәтижесі бойынша мас ер адам өз үйін шатастырып алған. Ол тыныштықты бұзғаны және қоғамдық орында мас жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Десе де, мәселенің тек әкімшілік хаттамамен шектелгеніне қарамастан, Қосшы тұрғындары жергілікті әкімдіктен бұл көшеге тез арада жарық орнатуды талап етіп отыр.