Nomad Álemi: ШҚО-да робот-иттер алғаш рет қоғамдық тәртіпті күзетуге шықты
Робот-иттер белгіленген аумақты патрульдеп, тәулік бойы бейнебақылау жүргізе алады
Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде өткен “Nomad Álemi” заманауи көшпенділер мәдениетінің ауқымды фестивалінде азаматтардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлерімен қатар заманауи технологиялар да қамтамасыз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығыс Қазақстан облысында полиция жаппай іс-шара кезінде алғаш рет робот-иттерді пайдаланды. Олар өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған цифрлық жүйенің жаңа бөлігіне айналды.
Робот-иттер белгіленген аумақты патрульдеп, тәулік бойы бейнебақылау жүргізе алады. Сондай-ақ олар бейнежазбаларды талдап, адамдардың бет-әлпетін тану мүмкіндігіне ие. Жиналған ақпарат нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына жіберіледі. Бұл полиция қызметкерлеріне жағдайды жылдам бағалап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Фестивальге келген азаматтармен тиімді байланысу үшін робот-иттер жарық сигналдарымен және дауыстық ескерту жасауға мүмкіндік беретін дауыс зорайтқышпен жабдықталған.
“Nomad Álemi” фестиваліндегі алғашқы тәжірибе заманауи технологиялардың полиция жұмысына тиімді көмек көрсете алатынын байқатты.
Робот-иттер дәстүрлі полиция жасақтарының жұмысын толықтырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.