Қазақстанда 1 қазаннан бастап жұмыспен қамту қызметінің жаңа пилоттық жобасы іске қосылады

Енгізілетін өзгерістерге сәйкес, азаматтарға жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейінгі тиісті жұмыс іздеу мерзімі бұрынғы 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады

Қазақстанда 1 қазаннан бастап жұмыспен қамту қызметінің жаңа пилоттық жобасы іске қосылады
Фото: © istockphoto.com

Қазақстанда 1 қазаннан бастап жұмыспен қамту қызметін арттыруға және азаматтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа пилоттық жоба басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Енгізілетін өзгерістерге сәйкес, азаматтарға жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейінгі тиісті жұмыс іздеу мерзімі бұрынғы 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады. Осы аралықта мансап орталығының мамандары азаматтың жұмыс тәжірибесі мен дағдыларын мұқият ескере отырып, лайықты бос орындарды ұсынады және жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатады.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі бойынша бекітілген өзгерістер екі кезеңде жүзеге асырылады. 1 қазаннан басталатын пилоттық кезеңде жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгеріссіз қалып, бұрынғы бекітілген ережелер бойынша төленеді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл төлемдерді төлеудің ең ұзақ мерзімі шектеліп, үш айға дейінгі мерзімді құрайтын болады.

Жаңа реформа азаматтарға уақытша төлемақы алып отырудан бұрын, өз мамандығына сай тұрақты әрі сапалы жұмыс табуға мүмкіндік береді.