Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісімін ресми түрде тіркеуге шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, бұл шешімді ол баяғыда қабылдаған, алайда енді ғана өз еркін ресми түрде ресімдеуді ұйғарған.
«Бүгін көптен бері қабылдаған – қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру жөніндегі өз еркімді білдіруімді тіркеу туралы шешімімді көпшіліктің алдында жариялағым келеді. Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін болғандықтан. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өмірден өткеннен кейін де көмектесудің бір жолы», — деді Ақмарал Әлназарова.
Қазақстандағы донорлық пен трансплантацияның қазіргі ахуалына тоқталсақ, елімізде 184 мыңға жуық азамат eGov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлық бойынша өз еркін тіркеп қойған. Бүгінгі таңда 4 867 адам ағза ауыстыру операциясын күтуде, олардың ішінде 4 311 науқас бүйрек, 314 адам бауыр, 212 адам жүрек және 30 азамат өкпе ауыстыруға мұқтаж. Ал 2026 жылдың басынан бері елде 132 потенциалды донор анықталып, 205 трансплантация жасалды. Әрі 11 қыркүйекке дейін 13 мультиоргандық донорлық процесс өтіп, соның арқасында 42 ағза мен тін (14 бүйрек, 9 бауыр, 11 жүрек, 4 өкпе және 4 қабықша) сәтті трансплантацияланды.
Денсаулық сақтау министрі қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту тек медицина саласына емес, сонымен бірге қоғамдық сенімге, ашық диалог пен азаматтардың саналы шешіміне де тікелей байланысты екенін атап өтті.