«Отбасы – бақыттың бастауы»: Шымкентте жастармен маңызды кездесу өтті

Жастарға отбасы құндылықтары түсіндірілді

«Отбасы – бақыттың бастауы»: Шымкентте жастармен маңызды кездесу өтті
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкенттегі Жол-көлік колледжінде отбасы құндылықтарын жастар арасында насихаттау мақсатында «Отбасы – бақыттың бастауы» атты кездесу өтті. Іс-шараны «Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқосуда отбасының қоғамдағы рөлі, ата-анаға құрмет, өзара түсіністік пен жауапкершілік мәселелері қозғалды. «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов отбасы институтының ел тұрақтылығы мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптеуге үлес қосып жүрген сала мамандарына алғыс хаттар табысталды.

Кездесуге ұлттық «Мерейлі отбасы – 2024» байқауының жеңімпазы, жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Ақмарал Құдайберген қатысты. Ол шаңырақтағы татулықтың негізі өзара қолдау, құрмет пен жауапкершілікте екенін айтып, жастарға отбасы құрудың мәні туралы ой бөлісті. Ақмарал Құдайберген республикалық «Жеті қазына» фестиваліндегі «Сұлу әйел» байқауында да жеңімпаз атанған.

Ал «Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова жастарға өнегелі отбасылардың үлгісін көрсетудің маңызын атап өтті.

Жиын соңында анаға деген құрмет пен перзенттік парызды арқау еткен «Ана» спектаклі сахналанды. Қойылым арқылы көрерменге отбасы мүшелері арасындағы мейірім мен сыйластықтың мәні жетті. 

Отбасы институтын қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

Елімізде отбасы саясатын жүйелі түрде дамыту, демографиялық өсімді ынталандыру және ана мен баланы қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі. Соңғы жылдары Қазақстанда отбасылық-демографиялық ахуалды жақсартуға, көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын көтеруге және жас отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақы мөлшері кезең-кезеңімен арттырылып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы мен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы сәтті іске асырылуда. Бұл шаралардың басты мақсаты – қоғамның басты тірегі болып табылатын неке және отбасы институтын нығайту, сондай-ақ демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету.