«Криптовалюта түрінде микрокредит береміз»: Алматыда alemcredit.com-ның былығы әшкере болды

Автор: Асыл Арман

Олар интернет алаяқтыққа қатысы бар деген күдікке ілінді

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Алматыда Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен алаяқтық жасалды деген күдікпен тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеуіне сәйкес, ықтимал қарыз алушылар әлеуметтік желілер арқылы белсенді тартылған. Онда тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнама кеңінен таратылған. Қарыз рәсімдеу үшін қазақстандықтардан жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өту, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген. Алайда аталған рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған. Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған.

Ал мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген. Қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған.

«Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған. Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген ҚМА хабарламасында.