Қазақстанда емханаға тіркелудің жаңа ережелері күшіне енеді

Автор: Дәулет Ботагөз

12 қыркүйектен бастап Қазақстанда алғашқы медико-санитариялық көмек ұйымдарына тіркелудің жаңа қағидалары қолданысқа енгізіледі

Фото: © istockphoto.com

12 қыркүйектен бастап Қазақстанда алғашқы медико-санитариялық көмек ұйымдарына тіркелудің жаңа қағидалары қолданысқа енгізіледі. Жүйеге енгізілген өзгерістер азаматтар, қандастар, босқындар мен шетелдіктер үшін медициналық қызмет алу процедурасын едәуір жеңілдетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа ережелер медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Енді азаматтарға емхананы жыл сайынғы тіркеу науқанын күтпей, жылына бір реттен аспайтын жағдайда кез келген уақытта ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Емханаға тіркелу мемлекеттік қызметі 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар жүкті әйелдер, босанған аналар және 17 жасқа дейінгі балалар тұрақты тіркеу мекенжайына қарамастан, нақты тұратын жері бойынша емханаға тіркеле алады. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар қызмет ететін орны бойынша уақытша тіркеліп, әскерден оралғаннан кейін бұрынғы емханасына автоматты түрде қайта қосылады.

Шетел азаматтары ерікті медициналық сақтандыру шарты арқылы емханаға тіркеле алмайды. Олар медициналық көмекті міндетті медициналық сақтандыру, МӘМС немесе ТМККК аясында алады.

Қызметті алудың екі негізгі жолы қарастырылған. Біріншісі – онлайн формат. Барлық азамат eGov.kz порталы арқылы өтініш беріп, оны электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растай алады. Өтінішке жауап келесі жұмыс күні жіберіледі.

Екіншісі – қағаз түріндегі өтініш. Емхана басшысының атына жазбаша өтінішті тек белгілі бір санаттағы азаматтар бере алады. Олардың қатарында зейнеткерлер мен I топтағы мүгедектігі бар адамдар, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар, түзеу мекемелері мен тергеу изоляторларындағы азаматтар, сондай-ақ балалардың, жетімдердің және қарттар үйіндегі адамдардың заңды өкілдері бар.