Алматыда полицияға кедергі жасаған ер адам үш тәулікке қамауға алынды (ВИДЕО)

Ол заң бұзушылықтан кейін бірден Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілген

Алматыда полицияға кедергі жасаған ер адам үш тәулікке қамауға алынды (ВИДЕО)
Фото: ІІМ

Алматыда тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, олардың қызметіне кедергі келтірген жергілікті тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видео кадрларынан ер адамның полицейлердің іс-әрекетіне араласып, олардың ескертулерін елемей, қызметтік міндеттерін орындауға ашық түрде кедергі келтіргені көрінеді. Ол заң бұзушылықтан кейін бірден Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

Сот шешімімен тәртіп бұзушы полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Департамент өкілдері мұндай әрекеттерге қатысты қатаң ұстанымдарын білдірді:

«Қызметтік міндетін атқару кезінде полиция жұмысына араласу, арандатушылық жасау және олардың заңды әрекеттеріне кедергі келтіру құқықтық бағасыз қалмайды. Видеотүсірілім жасау құқығы полицияның жұмысына кедергі келтіруге рұқсат бермейді», – деп атап өтті қалалық ПД.