Балалар қауіпсіздігі бақылауда: полиция мектептерде тексеріс жүргізіп жатыр
Елімізде 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Назар аударыңыз – балалар!» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Елімізде 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Назар аударыңыз – балалар!» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дюсембеков мектеп оқушылары мен ата-аналарға арнайы үндеу жасап, қауіпсіздік ережелерін еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері жаңа оқу жылына орай мектеп маңындағы инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйесін толық бақылауға алды. Тексеріс аясында мектеп төңірегіндегі жолдар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол белгілері қаралып, оқушыларды тасымалдайтын мектеп автобустарының техникалық жағдайы мұқият тексерілуде. Оған қоса, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камералары полицияның жедел басқару орталықтарына қосылып жатыр. Сондай-ақ, әр мектепке ювеналды полицияның арнайы қызметкерлері бекітіліп, олар оқушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық кездесулер өткізуде.
ІІМ өкілі бала қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының емес, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Күн сайын балаңызбен бірнеше минут қауіпсіздік туралы сөйлесіңіз. Жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өту, жолдан өтерде жан-жағына қарау, телефонға алаңдамау, бейтаныс адамдармен бірге кетпеу сияқты қарапайым ережелерді үнемі еске салып отырыңыз», – деді Асхат Дюсембеков.
Сонымен қатар полиция полковнигі балаларды күмәнді немесе қауіпті жағдай болса, үндемей қалмай, бірден ата-анасына, мұғаліміне немесе полицияға хабарлауға шақырды.