Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесін жаралаған жасөспірімге сот үкімі шықты

Сот шешімімен ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесін жаралаған жасөспірімге сот үкімі шықты
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбеде өз анасын пышақтап өлтіріп, әжесіне ауыр дене жарақатын түсірген жасөспірімге қатысты сот процесі аяқталды. Сот шешімімен ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отбасылық жанжалдан туындаған бұл ауыр қылмыс өткен жылы болған еді. Тергеу барысында сотталушыға бірнеше сот-психологиялық және психиатриялық сараптамалар жүргізілді.

Мамандардың қорытындысы бойынша, жасөспірім созылмалы психикалық ауруға шалдыққаны анықталды. Осыған байланысты ол сот отырысына қатысқан жоқ. Қазіргі уақытта жасөспірім Талғар қаласындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханада жатыр.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Алтынбек Сабыров үкімді оқыды:

«Интенсивті бақылаудағы мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ауруханада мәжбүрлеп емдеу тағайындалсын. Психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы өзгеріссіз қалдырылсын», – деді судья.