Оның көлемі 2023 жылы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін өсті
Солтүстік Арал теңізінің көлемі 2023 жылғы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің мәліметінше, трансшекаралық сулар бойынша Қазақстан барлық іргелес мемлекеттермен құқықтық база қалыптастырып, екіжақты комиссиялардың жұмысын жолға қойды. Соның нәтижесінде, Өзбекстанмен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
«Сырдариядағы су қоймаларының келісілген жұмыс режимдері Солтүстік Арал теңізіне, тіпті су аз кезеңдерде де тұрақты ағын көлемін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Оның көлемі 2023 жылы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін өсті. Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 текше шақырым су құйылды, соның нәтижесінде су айдынының деңгейі тұрақталды. Францияның даму агенттігінің қолдауымен экожүйені сақтаудың 2040 жылға дейінгі Мастер-жоспары дайындалып жатыр», – делінген Үкіметтің хабарламасында.
Айта кетерлігі, Қапшағай су қоймасы үшінші жыл қатарынан 100% толды. Бұқтырма су қоймасына 2024-2025 жылдары келген жалпы су ағыны 58,6 млрд текше метр болды, бұл оны қайтадан толтыруға және Ертіс өзенінің ағысын тұрақты түрде реттеп отыруға мүмкіндік берді.