Қазақстан мен Росатом алғашқы АЭС-ті салу жөніндегі келісімшартқа қол қойды
Атом энергетикасы алдағы онжылдықтар бойы тұрақты базалық электр энергиясын өндіреді
Ресейдің Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстанда атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мәліметінше, құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында қол қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, келісімшартқа қол қою рәсімі Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёвтың қатысуымен өтті.
«Келісімшартқа қол қою Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының жаңа практикалық кезеңге өткенін білдіреді. 2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар белгіленген рәсімдерді, соның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметімен қажетті келісуді жүзеге асыруға кіріседі. АЭС жобасын іске асыру ел үшін стратегиялық маңызға ие. Экономиканың, өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, цифрландырудың және жасанды интеллектінің дамуына байланысты Қазақстанның сенімді әрі тұрақты электр энергиясына деген қажеттілігі кезең-кезеңімен арта түседі», – делінген баспасөз хабарламасында.
Ведомствоның дерегіне сүйенсек, Атом энергетикасы алдағы онжылдықтар бойы тұрақты базалық электр энергиясын өндіреді. Сонымен қатар жобаны іске асыру отандық өнеркәсіпті дамытуға, озық технологияларды енгізуге және жоғары білікті кадрларды даярлауға қосымша мүмкіндіктер береді.
«АЭС құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және елдің технологиялық егемендігін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді саясатының маңызды бөлігі болып саналады. Алғашқы АЭС құрылысы жобасын іске асыру барысында жергілікті қамтуға – қазақстандық кәсіпорындарды, мамандарды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді барынша тартуға ерекше назар аударылады. Алғашқы АЭС құрылысы отандық өнеркәсіпті дамытуға, жаңа өндірістер мен технологияларды игеруге, сондай-ақ атом энергетикасын одан әрі дамыту үшін ұлттық құзыреттерді қалыптастыруға серпін беруге тиіс», – делінген хабарламада.