Олар әлеуметтік желіде жалақысы көп жұмыс ұсынып, артынша оларды ауыр қылмыстарға тартқан
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бірнеше мемлекетті қамтыған арнайы операция барысында адамдарды есірткі бизнесіне тартқан халықаралық қылмыстық желінің жолын кесті. Бір жылдан астам уақытқа созылған операция нәтижесінде 24 келі синтетикалық есірткі қоспасы тәркіленіп, 7 адам ұсталды. Тергеу барысында Telegram-дағы 31 есірткі дүкені мен қылмыстық схемаға тартылған жүздеген адам анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Операцияға Украина мен Албанияның құқық қорғау органдары, Қазақстан мен Украинаның бас прокуратуралары, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасы қатысқан.
Қылмыскерлер жастарға call-орталықтың операторы, HR-менеджер, курьер, логист және өзге де жалақысы көп жұмыс ұсынған. Бірақ шын мәнінде оларды есірткі қылмысына тартқан, ал қылмыстық топтан кеткісі келгендерді аяусыз ұрып-соғып, айыппұл салған және күштеп ұстаған.
«Қылмыстық құрылым ішінде қатаң ережелер болған. Қылмыстық әрекеттен бас тартуға тырысқан адамдарға айыппұл салынған, оларды ұрып-соғып, заңсыз ұстап отырған. Тартымды көрінетін бос жұмыс орындарының артында адамды есірткі бизнесіне тарту тұрған. Ал адам бұл іске кіргеннен кейін одан шығуға мүмкіндік бермеген», – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Қуандық Әлжановтың айтуынша, қылмыстық жүйеде әркімнің атқаратын өз рөлі болған. Жүйені көрші мемлекеттің 36 жастағы азаматы ұйымдастырған. Жалпы, полиция Украинада адамдарды заңсыз әрекетке тартумен айналысқан call-орталықты 26 рет тінтіп, төрт мыңға жуық цифрлық айғақ тапқан. Тінту кезінде Telegram арқылы есірткі сататын 31 дүкен анықталған. Украинаның бес облысы мен Киев қаласында тағы 35 тінту кезінде азаматтарды қылмысқа тартумен айналысқан халықаралық желінің екі буыны жойылды. Құрамында синтетикалық есірткі бар 24 келі қоспа, 3,5 мыңнан астам қолдан жасалған шылым және өлшеп салынған екі мыңға жуық пакет тәркіленді. Жеті адам ұсталып, қылмыстық схемаға қатысқан тоғыз адамға айып тағылды.