Екібастұз тұрғыны 25 жыл тұрған пәтері үшін әкімдікпен соттасты

2000 жылы А. есімді азаматқа Екібастұз қаласынан бір жылға жалдау шартымен пәтер берілген

Екібастұз тұрғыны 25 жыл тұрған пәтері үшін әкімдікпен соттасты
Фото: istockphoto.com

Екібастұз тұрғыны ширек ғасыр бойы тұрған пәтеріне қатысты жергілікті билікпен дауласып, сотқа жүгінді. Сот нәтижесінде әкімдікке ер адаммен тұрғын үйді жалдау шартын жасасу міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облысының №2 әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының мәліметінше, 2000 жылы А. есімді азаматқа Екібастұз қаласынан пәтер берілген. Әкімнің шешімі негізінде онымен уақытша тұру үшін бір жыл мерзімге жалдау шарты жасалған. Алайда соған қарамастан ер адам бұл пәтерде 25 жыл бойы тұрып келген.

Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, осы уақыт ішінде талапкер пәтерде тұрып, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеген. Сонымен қатар баспананы өз қаражаты есебінен қалпына келтірген. Алайда жылжымайтын мүлікке меншік құқығы оның атына тіркелмеген. 2026 жылғы наурызда ол тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде есепке қойылған.

Осыдан кейін ер адам жергілікті атқарушы органды өзі тұрып жатқан пәтерді жалдау шартын жасасу арқылы беруге міндеттеуді сұрап, сотқа жүгінген.

Сот талапты ішінара негізді деп таныды. Тұрғын үй заңнамасына сәйкес азаматтарға коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана беру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.

Істі қарау барысында сот талапкердің пәтерде ұзақ уақыт тұрғанын, өзінің жеке баспанасының жоқ екенін, тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде есепке қойылғанын және пәтерді таза күйде пайдаланғанын ескерді.

Осы мән-жайларды ескере отырып, сот Екібастұз қаласы әкімдігінің «Экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне А.-ға даулы пәтерді мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдау шартын жасасу арқылы беруді міндеттеді.