Жаймашуақ күз бола ма: қыркүйек айында елімізде ауа райы қандай болады

Автор: Асыл Арман

Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап республиканың басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасады

Фото: istockphoto.com

Қыркүйек айында Қазақстанның барлық аумағында ауаның орташа айлық температурасы тамыз айымен салыстырғанда біртіндеп 5-7°С-қа төмендейді. «Қазгидромет» РМК күздің алғашқы айына қатысты ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, консультативтік болжамға сәйкес, қыркүйек айының басында Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде жаздағыдай ыстық ауа райы күтіледі. Ал елдің солтүстік, орталық және шығыс облыстарында күзге тән салқын ауа райы орнап, жауын-шашын түседі, жаңбырдың қарға ұласуы, желдің екпінді болуы мүмкін. Алайда бірінші онкүндіктің ортасынан бастап республиканың басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасып, температуралық фон айтарлықтай жоғарылайды:

  • республиканың батысында, солтүстік-батысында және оңтүстік-батысында күндіз ауа температурасының +25+35°С-қа дейін жоғарылауы болжанады;
  • республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында (Қостанай облысында), орталығында және шығысында түнде температура 0,+8°С-тан, топырақ бетінде 1–3°С үсіктен +8+15°С-қа дейін, күндіз +10+18°С-тан +22+30°С-қа дейін;
  • елдің оңтүстігінде температураның негізгі фоны түнде +13+20°С, күндіз +25+35°С болады. Оңтүстік-шығыста түнде +10+18°С аралығында, күндіз +20+28°С-тан +25+33°С-қа дейін жоғарылайды.

Бірінші онкүндіктің екінші жартысында батыс және солтүстік-батыс өңірлерге, одан кейін республиканың қалған аумағында кезекті солтүстік-батыс циклонының енуіне байланысты ауа райы құбылмалы сипат алады. Жауын-шашын түсіп, жел күшейеді, аптап ыстықтың беті қайтады.

Қыркүйек айының екінші және үшінші онкүндіктерінде температуралық фонның ауытқуы, үсікке дейін төмендеуі болжанады.

  • Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде ауа температурасы түнде 0,+5°С-тан, топырақ бетінде 3°С үсік +11+16°С-қа дейін, күндіз +27+35°С-тан +12+22°С-қа дейін ауытқиды;
  • елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасы түнде 0,+5°С-тан, топырақ бетінде 3°С үсік +5+13°С-қа дейін, күндіз +20+30°С-тан +8+17°С-қа дейін;
  • Қазақстанның оңтүстік жартысында ауа температурасының түнде +2+10°С-тан, таулы аудандарда 1–6°С үсік +12+17°С-қа дейін, күндіз +25+33°С-тан +15+22°С-қа дейін ауытқуы болжанады.

«Қыркүйек айында еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық норма шамасында болады деп күтіледі. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысында, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары болады деп болжанады. Жауын-шашын мөлшері негізінен норма шегінде болады деп күтіледі. Әдеттегіден көбірек жауын-шашын еліміздің қиыр батысында, солтүстік-батысында және солтүстік-шығыс бөлігінде болжанады, ал нормадан аз жауын-шашын негізінен оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде күтіледі», – делінген синоптиктердің болжамында.

Ерекше айта кетерлігі, бір айға арналған болжамды консультативтік ретінде пайдалану керек, ол кейіннен синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіледі және онкүндікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады.