Картоп пен көлік арзандады: өткен айдағы инфляция мәліметтері жарияланды

Қазақстанда жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеді

Картоп пен көлік арзандады: өткен айдағы инфляция мәліметтері жарияланды
Фото: freepik.com

Қазақстанда 2026 жылғы тамызда жылдық инфляция 9,8%-ды құрады. Шілде айында бұл көрсеткіш 10,2% болған. Бұл ретте айлық инфляция 0,6% деңгейінде сақталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Бір ай ішінде бағаның негізгі төмендеуі маусымдық жеміс-көкөніс өнімдерінің жекелеген түрлерінде байқалды. Картоп 12,3%-ға, тәтті бұрыш 11,9%-ға, қырыққабат 9,7%-ға, жүзім 8%-ға, пияз 7,7%-ға арзандады.

Сондай-ақ алма 5,1%-ға, сәбіз 5%-ға, лимон 4,7%-ға, қызылша 3,6%-ға, алмұрт 1,8%-ға және қияр 1,5%-ға төмендеді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында бір айда ең айтарлықтай арзандаған өнімдер қатарында қолданыста болған жеңіл автокөліктер бар. Олардың бағасы 5,3%-ға төмендеді. Планшеттер 5%-ға арзандаған. Медициналық маскалардың бағасы 2,9%-ға, медициналық термометрлер 1,9%-ға, электр еттартқыштар мен балалар жөргектері 0,8%-ға төмендеді.

Жылдық мәнде азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 11,4%-ға, азық-түлік тауарлары 9,5%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттаған.

2025 жылғы тамызбен салыстырғанда бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы да төмендеген. Баклажан 46,8%-ға, қияр 39,9%-ға, қызанақ 13,6%-ға, алма 10,6%-ға арзандады.

Бұдан бөлек, сарымсақтың бағасы 7,2%-ға, мандарин 5,9%-ға, қырыққабат 5,2%-ға, банан 4,2%-ға және апельсин 2,6%-ға төмендеген.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында бір жыл ішінде ең көп арзандаған өнім – отандық өндірістегі жаңа автокөліктер. Олардың бағасы 16,9%-ға төмендеді. Электр бұрғылары мен бұрауыштар 8%-ға, кондиционерлер 7,6%-ға, медициналық бинттер 3,1%-ға арзандады.